Батпақ жылантамыры
(Epipactis palustris)
  • Дүние: Өсімдіктер
  • Класс: Біржарнақты
  • Тұқымдас: Сүйсіндер
  • Туыс: Орхидеялар
  • Түр: Батпақ жылантамыры (Epipactis palustris)

Батпақ жылантамыры — сирек кездесетін, саны азайып бара жатқан түр. Қазақстанның солтүстігінде және шығыс пен оңтүстік Алтай тауларында, Батыс Тянь–Шаньға дейін кездеседі. Қазақстаннан тыс Азия мен Еуропада кең таралған. Ылғал балшықты шалғындарда, саз балшықтарда, бұталар арасында және жағалаудағы жапырақты ормандарда өседі. Ұзын жатаған тамырсабағымен, биік сабағымен (70 см-ге дейін), көптеген сопақша жапырақтарымен ерекшеленеді. Қабыршақ тәрізді бөлігінен бөлінетін шырын тозаңдандырғыш жәндіктерге есірткі тәрізді әсер етеді. Оның ұйықтататын әсерінен («ұйықтатқыш» деп атайды) жабайы бал аралары мен аралар ұша алмай, тек гүлден-гүлге жорғалай, қозғалады. Осылай жаппай тозаңдану жүреді. Нәтижесінде 80% жеміс береді. Тұқымы жеңіл, ұсақ (әр жемісте 4500-ге дейін). Туыстың ең әдемі түрлері, мәдени түрлері өте ертеден (3 ғасырдан бері) өсіріледі . Табиғаттағы саны батпақты жерлердің құрғауынан, өзендердегі су ағыстарының бұзылуынан, мал тұяғымен тапталуынан және отаудан азайған. Ақсу – Жабағылы қорығы мен Бурабай ұлттық саябағында қорғалады.